13 желтоқсан 2024 жылы Әлихан Бөкейхан атындағы жалпы білім беретін мектепте ардақты ұстазымыз Светлана Шайменқызының құрметіне арнайы кабинет ашылды.
Бұл ерекше күн мектеп тарихында маңызды оқиға ретінде есте қалары сөзсіз. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардагер ұстазымыздың еңбегін құрметтеп, оның есімімен аталатын кабинет ашылуы — ұстаздық еңбектің жоғары бағалануының жарқын көрінісі. Шараға ұстазымыздан тәлім алған шәкірттері мен қызметтес жолдастары қатысты. Олар ұстаздың еңбек жолындағы жетістіктері мен тұлғалық қасиеттерін еске алып, жылы лебіздерін білдірді. Мектеп ұжымы мен оқушылар Светлана Шайменқызының өнегелі жолын мақтанышпен айта отырып, бұл кабинетті ұстаздың білім мен тәрбие беру ісіндегі үлгісінің символы ретінде қабылдады. Кабинет ашылу рәсімі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, есте қаларлық ерекше сәттерге толы болды.